Қазақстанда Сот жүйесін жетілдіру мақсатында заң жобалары қаралды

baribar.kz

Заманауи технологиялардың жетістіктерін қолдану және әділ сот төрелігін қамтамасыз ету. Парламент Мәжілісінің депутаттары Сот жүйесін жетілдіру мақсатындағы заң жобаларын қарады. Олардың қатарында – сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заң, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер, сондай-ақ сот жүйесін жаңғырту мәселелері бар. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, мұндай жаңашылдықтар 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуіне байланысты болып отыр.

НАТАЛЬЯ ПАН, ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Әділет министрлігі ұлттық сарапшыларды, сонымен қатар, әкімшілік юстиция институты бар елдерден мамандарды тарта отырып, түсініктеме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы мақсатта қашықтықтан оқыту, түрлі тренингтер ұйымдастырдық. Бұл шаралармен 3 мыңға тарта мемлекеттік қызметші, жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшыларын, аппарат жетекшілері қамтылды.

Мұндай тәжірибе шетелде бұрыннан сәтті қолданылып келетіндігін атап өткен жөн. Жаңа жүйе ең өзекті болып табылатын судьяларға жүктелген жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Әкімшілік Әділет жұмысын бастау үшін алғашқы 179 жаңа судья даярланды. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, сот жүйесін жаңғырту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған.

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сот жұмысының ашық, әділ және заман талабына сай болуына ерекше назар аударды. Сондықтан бүгінгі құжаттарда осы талаптарды заң жағынан қамтамасыз етуге арналған маңызды нормалар қамтылды. Осы нормалар сот саласына білікті, кәсіби, тәжірибелі, жаңа мамандарды тартуға, сот процесіне жоғары технологиялық мүмкіндіктерді енгізуге жол ашатын болады.

 

Авторы: Ақзер Сегізбай

×