Қазақстанда француз әдебиетін сүйіп оқитындар үшін «Оқу кештері» ұйымдастырылды

Елімізде Франция елшілігінің ауқымды жобасы «Оқу кештері» басталды. Қаңтардың соңғы онкүндігінде жоба аясындағы кездесулер бірден еліміздің 7 қаласында қатар өтеді. Елордалық оқырмандар «Мадам Бовари» шығармасын талқылады.

Бұл туындыға таңдау жайдан жай түспеген. Оның авторы – Густав Флауберттің туғанына биыл 200 жыл толып отыр. Шығармашылық кездесуге еліміздегі француз қауымдастығының өкілдері ғана емес, сонымен қатар студенттер, сондай-ақ танымал жазушының шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандар қатысты. Шара өзара ой-пікір алмасу форматында өтті.

Сондай-ақ қатысушылар ұйымдастырушылар дайындаған зияткерлік викторинаға қатысу арқылы естелік сыйлықтарын алды. 

ДИДЬЕ КАНЕСС, ФРАНЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

- Шараны ұйымдастыруға француз одақтары, кітапханалар, клубтар және әртүрлі мәдени бірлестіктер сияқты француз мәдени мекемелері қатысады. Біздің серіктестеріміз тақырыпты өздері таңдап алды. Сондықтан түрлі қалаларда әртүрлі іс-шаралар өтуде.

Француз елшілігінің «Оқу кештері» Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Өскемен, сондай-ақ Атыраудың француз әдебиетінің жүздеген әуесқойларының басын қосқанын атап өткен жөн. Кездесуде талқыланған негізгі жанрлар прозадағы шығармалар ғана емес, сонымен қатар поэзия мен ертегілер де болды.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай алғашқы іс-шаралар 4 жыл бұрын Францияның мәдениет министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. 2017 жылы бүкіл әлем бойынша осындай 6 мың кеш өтіп, шараның пікірталас алаңдарында әр түрлі жастағы қатысушылардың рекордтық саны – 650 мың адам жиналған болатын.

Авторы: Ақзер Сегізбай