Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау 20 қараша өтеді

Қазақстанда кезектен тыс Президенттік сайлау 20 қараша өтеді

Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды. Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы қыркүйектің бірінде халыққа Жолдауында кезектен тыс сайлау өтетін мәлімдеді. Ал 17 қыркүйекте Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде заңға қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысы сайлау науқаны заңға сәйкес қатаң түрде өтетініне кепілдік беретінін де жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев жерлестерді жауапкершілікке, заң мен тәртіпті сақтауға, сондай-ақ, ұйымшылдық пен бірлікке шақырды. Сонымен қатар, президент көп ұзамай қоғамға сайлау алдындағы тұғырнамасын ұсынатынын да айтты. Ол әлеуметтік-экономикалық прогреске қол жеткізуге бағытталатын болады.

Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына үндеу жолдады

Ақорда сайтында да мемлекет  басшысының Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Онда ол жүргізілген саяси реформаларға тоқтады. Әсіресе Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланатынын айтты. Сондай-ақ, Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайтынын атап өтті. Бұған қоса, адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды.