Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі

Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі

Елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі бойынша міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжілісте Денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстыру кезінде айтылды. Сала басшысы Ажар Ғиният мәлім еткендей, дәрігерлердің қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады, ол күрделі әрі жауапты. Бірақ өкінішке орай бұл ауыр еңбек қоғамда бағаланбай отыр. Сондықтан да пациенттерге қатысты келтірілген зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін бұл жүйені іске қосу керек.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Медицина, педагогика, әлеуметтік қызметкерлер – бұл біздің мемлекетіміздің негізін құрайтын, еліміздің әл-ауқатына тікелей әсер ететін салалардың қызметкерлері. Қоғамда бұл қызметкерлер әрқашан сый мен құрметке ие. Қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген, норма бар, ал заң жобасы іске асыру жолдарын бекітеді. Әзірленген заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отыр. 

Министрдің айтуынша, бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және жалпы еліміздің денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне өз ықпалын тигізеді.