Қазақстанда 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады

Қазақстанда 2025 жылға дейін 800 мың оқушыға арналған мектептер салынады

Республикада 2025 жылға дейін 800 мың оқушы орнына арналған мектептер салынады. Бұл апатты және үш ауысымды мектептердің проблемасын шешуге бағытталған «Жаңа мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл туралы үкімет отырысында Президент жолдауын жүзеге асыру жөнінде жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын таныстыру барысында еліміздің Ұлттық экономика министрі хабарлады. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары 6 бағыт бойынша 109 іс-шарадан тұратын жүйелі және салалық шаралар кешенін қамтиды.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заң қабылданады. Соның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі бағасынан бұрын сапа талаптарына басымдық беріледі. Су саласында жинақталған проблемаларды шешу үшін сарапшылардың қатысуымен, Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысы жанданады. Сондай-ақ, су саласын дамытудың үш жылдық кешенді жоспары дайындалады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленуде. Бұдан басқа, медициналық инфрақұрылымды, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы кешенді жақсарту жөніндегі шаралар әзірленеді.

Өз кезегінде, Үкімет басшысы әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға ұлттық жоспарды орындауға шұғыл кірісуді тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Жоспарда бағаны реттеу, салықтық және кедендік әкімшілендіру,  бюджет процестерін жеңілдету, кәсіпкерлікті қолдау, автомобиль жолдарын салу, заң үстемдігі мен сот төрелігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту сияқты халық пен бизнес үшін өзекті проблемаларды шешу көзделген. Ұлттық экономика министрлігіне   Премьер-министр Кеңсесімен бірлесіп, жарлық жобасын бүгін Президент Әкімшілігіне енгізуді тапсырамын.

Айта кетейік, Үкімет мүшелері Президент жолдауын іске асырудың жалпыұлттық жоспарының жобасын бірауыздан мақұлдады.