Волонтерлік қызмет туралы заң жетілдірілді

Волонтерлік қызметке белсенді түрде араласатын еріктілер жұмысқа тұру кезінде бірқатар артықшылыққа ие болады. Сондай-ақ, жануарларға арналған орталықтар мен қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мемлекет тарапынан  қолдау табады. Мәселен, игі істер атқаруға қажетті коммуналдық мүлікті алуда жеңілдіктер қарастырылған. Осы және басқада түзетулер ҚР волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдар мәселелері бойынша заңына енгізілді. Бұл жөнінде бүгін арнайы брифинг барысында айтылды. Жаңа нормаларға осы сала үздіктеріне құрметті атақтар беру көзделіп отыр.  Еріктілер, коммерциялық емес және қайырымдылық ұйым мамандарымен қатар бизнес өкілдері де бұл ерекше белгілердің иелері атана алады. Құжатқа сай қайырымдылық ұйымдары жылына бір кіріс пен шығыс және алға қойған мақсаттары мен жоспарлары жөнінде есеп беруге міндетті болады. Ол өздерінің ресми сайттарында немесе БАҚ-та жариялануы тиіс. 4-ші шілдеде президент қол қойған құжат қыркүйектің басында заңды күшіне енеді деп күтілуде.

Вера Ким, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

– Бұл заңға Үкімет тарапынан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бастамашы болды. Мәжіліс депутаттары жұмыс тобының жетекшісі ретінде мүдделі мемлекеттік органдардың, коммерциялық емес ұйымдардың, волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 22 отырысын өткізді.  Сондай-ақ заң жобасын әзірлеуге тікелей қатысқан сарапшылар атсалысып жүр.   Біз үшін бұл құжатқа барлық пікірлер мен өзгертулерді қамту маңызды болды. Ең бастысы, ұсынылған заңнамалық түзетулер осы салаларды ынталандыруға және дамытуға бағытталғанын атап өткен жөн.