Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыс

ru.freepik.com

Қазақстанда жер-жаһанға аты мәшһүр кореялық суретші - Пак Дэ Сонгтың «Мәңгілік» атты жеке көрмесі ашылды. Сия кескіндемесі шеберінің Ұлттық мұражайда қанат жайған көшпелі экспозициясы корей халқының бейнелеу өнерінің жарқын үлгілерін барынша қамтиды. Негізінен қылқалам шеберінің пейзаждық туындылары қойылған. Барлығы тау самалы елінен 23 бірегей картина жеткізілген. Шара Қазақстан мен Корея  арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы және былтыр мен биыл жарияланған қос ел мәдени байланысының жылы аясында ұйымдастырылды. Жақында Тұңғыш Президент музейінде дәстүрлі балалар киім үлгілерінің және  Корей мәдени орталығында Пэкче дәуірінен сыр шертетін көрмелер ашылады. Жыл соңына дейін осы реттегі сабақтастықты бекемдей түсетін мәдени шаралар бұнымен шектелмейді.   

Ли Херан, Қазақстандағы Корей мәдени орталығының директоры:

– Осы аптаның сенбісінде сағат 17:00-де Корей мәдени орталығының сайтында сеуілдік арт орталықтың сахналауымен «Жұмақтағы би» балетінің онлайн трансляциясын ұсынатын боламыз. Қойылым Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен батыл тұлға жайында баяндайды. Бұған қоса, 8-ші қыркүйекте егін жинау мерекесіне арналған шағын шара ұйымдастырамыз.  Келесі күні «Астана Опера» театрының 10-шы мерейтойлық маусымының ашылу салтанаты аясында әлемге танымал кореялық сопрано Суми Ченің қатысуымен «Гало-Опера» атты классикалық кеш өтеді. Осы және өзгеде мәдени шараларға қатысты барлық ақпаратты біздің ресми сайтымыз бен әлеуметтік желілерден табуға болады.

Сондай-ақ, жергілікті қауымға корей халқының ұлттық тағамдарынан дәм татып, аспаздық шеберлік сабақтары, корей тілін үйрену курстары мен дәстүрлі би үйірмелеріне қатысу мүмкіндігі жасалмақ.   

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов