Қазақстанда жүргізуші куәлігін көрсету міндетті емес

qazaqstan.tv

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Заң жобасы бірқатар Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленді. Құжат мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында берген тапсырмасын іске асыруға және жол жүрісі саласындағы заңнаманы жетілдіріп, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын және мүдделерін қорғауға, жол-көлік құралдарының тиімді әрі қауіпсіз қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.

НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Заң жобасында Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігі мен көлік құралын тіркеу туралы куәлікті өзімен бірге алып жүруді талап ететін норманы қолданыстағы заңнамадан алып тастау көзделіп отыр. Яғни автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынып, сол жеке куәлікпен полиция қызметкері планшет арқылы электрондық базада енгізіп, оның қажетті құжаттары бойынша тексеру жүргізе алады.

Бастамашы топтың атынан заңды таныстырған Сенат депутаты, жүргізуші куәлігін өзімен бірге алып жүруді талап ететін нормалардың сақталмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті алып тастауды ұсынды. Яғни, бұған дейін азаматтарға айыппұл немесе ескерту түрінде жаза қолданылған болса, бұдан былай ешқандай жаза түрі қолданылмауы тиіс.

Айта кетейік, аталмыш Заң жобасы тек Қазақстан азаматтары үшін ғана қызмет етеді. Заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулар шетелдік жүргізушілер мен шетелдік көлік құралдарына қолданылмайды, яғни олар өзімен бірге барлық қажетті құжаттарды алып жүруге міндетті.

×