Археологтар темір дәуіріне жататын қорғанды зерттеуге кірісті

Археологтар темір дәуіріне жататын қорғанды зерттеуге кірісті

Солтүстікқазақстандық археологтар ерте темір дәуіріне жататын қорғанды зерттеуге кірісті. Оның биіктігі – 2 метр, диаметрі 40 метрге жуық. Археологиялық нысанның шұңқыры ерекше пішінді. Мамандар бұл жерде беделді адам жерленген деген болжам айтып отыр. Алайда бұл пайым әлі дәлелдеуді қажет етеді. Айта кетерлігі, қорған осыдан 70 жыл бұрын табылған. Оны зерттеу барысында археологтар жылқы сүйектеріне тап болды.

Жанат Баймүсенов, СҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен қолдану орталығы директорының орынбасары:

– Қорған тоналған деген болжам бар. Дегенмен, бұл жер опырылып түскен деген нұсқаны да жоққа шығармау керек. Осындай жағдайлар қорғандарда көптеп кездеседі. Жылқы сүйегінің қалдықтары астына қарай түсіп кеткен.  Бұл анық көрінеді. Мысалы, жылқының омыртқа сүйегі анық көрініп тұр. Сәл әрірек тұяқтарын көруге болады. Бұл біз тапқан алғашқы сүйектер, ал кеше жылқының бас сүйегі табылды.

Римма Попович, СҚО тарихи-өлкетану мұражайының бөлім жетекшісі:

– Қорғанды аршу жұмыстарына енді кірісті. Бұл жерде әлі зерттелмеген қызық дүниелер көп. Ал мына жерде күйдіруден қалған дақ бар, мүмкін осы жерде от жағылған шығар. Ол құрылымы мен түсімен ерекшеленеді.

Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 436 археологиялық ескерткіш бар. Олардың басым бөлігі - қорғандар. Ол жерлерде зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазіргі уақытта Ботай, Ак Ирий қалашығы, Қызыл оба кесенесі мен Байқара ғибадатханасы ғалымдардың ерекше назарында. Жақында шетелдік ғалымдарды тарта отырып, халықаралық көшпелі семинар өткізу жоспары бар.