Елордада Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 30 жыл толуына орай конференция өтті

Қазақстанның дипломатиялық қызметіне - 30 жыл. Аталмыш оқиғаға арналған халықаралық конференция елордадағы Сыртқы істер министрлігінің ғимаратында өтті. Шараға ардагерлер мен сыртқы саясат ведомствосының қызметкерлері, шет елдердегі өкілдер, сондай-ақ отандық және халықаралық спикерлер қатысты. Сыртқы істер министрлігі басшысының айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, 50-ден астам халықаралық ұйымға мүше болды. Сонымен қатар соңғы 30 жылда біздің республикамыз инвесторлар үшін өңірлік хабқа айналып, бүгінгі күнге дейін 380 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартты.

Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сырты істер министрі:

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша,  шетелдік инвестициялардың қатысуымен жалпы құны 3,67 млрд.долларға 44 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Онда 6 000-нан астам жұмыс орыны ашылды. Қазіргі таңда  KAZAKHINVEST-пен бірге шетелдің қатысуымен 63 млрд.доллар сомасына 450 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Халықаралық инвестициялар үшін бәсекелестік қатаңдаған жағдайда, біз елдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдаудамыз.

30 жылдықтың құрметіне Сыртқы істер министрлігі  ғимаратының жанына «уақыт капсуласы» салынды. Ол мерейтойлық датаға сәйкес 30 жыл бойы министрліктің қазіргі қызметкерлерінің жолдауын болашақ дипломаттар үшін сақтайды.