Индонезияда Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалды

Индонезияда Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалды

Димаш – Қазақстанның алтын дауысы. Осындай атаумен Индонезия астанасында өткен мәдени іс-шарада Димаш Құдайбергеннің әндері шырқалып, өнер иесінің жанкүйерлері өз фан-клубының мерейтойын атап өтті. 2017-ші жылы құрылған фан-клуб қатарында 10 мыңға жуық адам бар. Олардың кейбіреуі қазақ тілін үйреніп алған. Тіпті жанкүйерлерінің бірі «Еңлік-Кебек» поэмасының қысқартылған нұсқасын оқып беріп, оны Мұхтар Әуезовтың 125-жылдығына арнады. Айта кетейік, аталмыш кездесуді Қазақстан елшілігі мен Индонезияның ұлттық кітапханасы ұйымдастырды. Сонымен қатар, мұнда Қазақстанға арналған көрме ашылды. Келушілер еліміздің мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.

Тита Сривахуни Коссатита, DID фан-клубының мүшесі:

– Менің жасым 62. Мен қазақ тілін үйренгеніме алты ай болды. Димаштың даусын естігеннен кейін, қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім ашылды. Бара-бара қазақ жазушылары мен ақындары туралы зерттей бастадым.

Рахмат Промоно, Индонезияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

– Халық Димашты жақсы көреді, сондықтан қысқа мерзімде тыңдармандары көбейді. Бүгінгі шарада көрнекті тұлға Мұхтар Әуезовтың шығармашылығымен таныстық. Осындай мәдени шаралар елдерімізді жақындастырады және оның негізінде өзге де салаларда, мәселен бизнес өкілдері арасында қатынастарымызды одан әрі жақсарта аламыз деп ойлаймын.