Қазақстанда жойылып бара жатқан жануарлардың биобанкі жасалады

Қазақстанда арнайы биобанк пайда болады. Оған сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар мен құстардың 20 түрі және өсімдіктердің 60-қа жуық түрі кіреді. Жобаны құрумен қазіргі таңда елордадағы Ұлттық биотехнология орталығының отандық ғалымдары айналысуда.

Әйгерім Әкімжанова, тілші:

– Халықаралық табиғатты қорғау одағының мәліметі бойынша, бүгінде жер бетінен 40 мыңға жуық жануар мен өсімдіктердің түрі жойылып кету қаупі бар. Заманауи технологиялардың арқасында Ұлттық биотехнология орталығында криогенді мұздатылған үлгілер сақтаулы. Болашақта олар флора мен фаунаның биоалуандығын жандандыру үшін пайдаланылуы мүмкін.

Жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерінің жасушалары мен тіндерін «мұздату» немесе криоконсервациялауды қазіргі күні бағаналы жасуша зертханасының мамандары жүргізуде. Биологиялық материалдың үлгілері «криопротектор» ішіне орналастырылғанға дейін бірнеше маңызды кезеңнен өтеді, содан кейін барып арнайы криосақтауға немесе криобанкке ұзақ мерзімге жіберіледі. Мамандардың айтуынша, онда сұйық азот температурасында - 196 градусқа дейін бірнеше ондаған жыл сақтауға болады.

Вячеслав Огай, Ұлттық биотехнология орталығының бағаналық жасуша зертханасының меңгерушісі:

– Біз бастапқы кезеңде үлгілерді криобанкте сақтаймыз. Жалпы, процедура бірнеше кезеңмен жасалады, бұл дақылдарды оқшаулау, өсіру және олардың толық сипатын алу. Онда ондаған жылдар бойы, тіпті 50 жыл бойы сақтауға болады. Негізі бұл не үшін жасалады? Мысалы, егер біз жануарларды клондағымыз келсе, популяцияны қалпына келтіргіміз келсе, онда дәл осы биологиялық материалды пайдалана аламыз.

Отандық ғалымдар табысты пайдаланып отырған жаңа биотехнологиялар болашақта біртіндеп немесе мүлдем жойылып кету қаупі бар жануарлардың өмір сүруіне мүмкіндік береді. Айта кетейік, биобанкті құру кезінде бір де бір жан-жануар зардап шеккен жоқ.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының Бас Директоры:

– ДНҚ тірі ағзадан да, өлі ағзадан алына береді. Керек материалды түрлі жерден, түрлі жағдайда аламыз. Мысалы, ол хайуанаттар бағындағы жануарлардан болуы мүмкін, себебі онда жойылып бара жатқан аңдардың түр-түрі бар. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары браконьерлерді немесе контрабандашыларды ұстаған кезде Қызыл кітапқа енген жануарлардан да үлгі алуға мүмкіндік болады.  

Еліміздің сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлары мен құстарының алғашқы қатарына марал, елік, киік, бұйра бірқазан, дала қыраны, қаратау арқары, тянь-шань қоңыр аюы және басқалары кіргізілген.