ТМҰ туризм министрлерінің кезекті отырысы 2023 жылы Түркістанда өтеді

Түркістан түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялануы мүмкін. Қазақстанның Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің туризм министрлерінің отырысында осындай ұсыныс жасады. Сала басшысы ежелден Түркістан барша түркі халықтарының атажұрты саналатынын айтты. Іс-шара шеңберінде елдер арасында рейстер санын ұлғайту, Жібек жолының туристік әлеуетін айқындау, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жайы талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдеріне жоспарланған аралас турлар танымалдыққа ие. Қатысушы тараптар түркі әлемін маңызды экономикалық, мәдени және гуманитарлық кеңістікке айналдыру басты мақсат екенін атап өтті. Түркі елдері ұйымы туризм министрлерінің кезекті отырысы 2023 жылы Түркістан қаласында өтеді.