Қазақстандық оқушы әлемнің 34 университетінен шақырту алды

Қазақстандық оқушы әлемнің 34 университетінен шақырту алды

Қазақстандық 11-сынып оқушысы әлемнің 34 университетінен шақырту алды. Олардың қатарында Америка, Ұлыбритания, Канада мен Испания, Аустралия еліндегі жетекші жоғары оқу орындары бар. Бірі тегін білім алуына жағдай жасаса, енді бірі түрлі жеңілдіктер ұсыныпты. Мирас Сейілханның болашақ мамандығы қаржы және экономика саласымен байланысты. Мақсатына жету үшін дарынды оқушы 7-сыныптан бастап өзін жан-жақты дамытуға көңіл бөліпті. Халықаралық сынақтарға арнайы дайындалған. «Әр қадамымды бақылап отырған мұғалімдерім, мектепті бітіріп кеткен ағалар көмек берді», – дейді білімдар жас.

Мирас Сейілхан, оқушы:

– Ең бастысы ол «Тайм менеджмент». Яғни алдын-ала дайындалу. Сонымен қатар алдын-ала қай жерде оқығың келетінін шешу. Сонымен қатар жақсы ортаның табылуы. Осы лицей қабырғасында өте үлкен жетістікке жеткен ағаларымыз бар. Әлемдік деңгейдегі университеттерде білім алатын. Солардың да қызықты оқиғалары маған мотивация берді. 

Дукат Қабылқаев, мұғалім:

– Шетелдік білімге қызығатын оқушылардың ынтасы зор. Олар үшін бұл еш қиындық тудырмайды. Мирас мұндай жетістікке сабақ кезінде де, сонымен қатар сабақтан тыс уақытта да болатын қосымшаларда дайындалып, қол жеткізді. Және мұндай оқушыларымыз көп.

Мирас Сейілхан, сондай-ақ түрлі әлеуметтік жобаларға бастамашы болып, волонтерлік клуб құрды. Алғырлығының арқасында өзі оқитын мектептің Президенті атанды. Оқуын тәмамдаған соң елге оралып, алған білімін елді көркейтуге жұмсағысы келеді. Дарынды оқушының ендігі арманы – Қазақстанды жаңа деңгейге көтеру.