Қазақстандық каскадерлер британдық режиссер Ридли Скоттың фильміне түсті

Қазақстандық каскадерлер британдық режиссер Ридли Скоттың фильміне түсті. Өмірбаяндық лента Наполеонның билікке келуі туралы баяндайды. Фильмнен Бонапарттың өмірі және оның император ретінде көтерілуіне оның әйелі Джозефинамен қарым-қатынасының рөлін өзге қырынан көруге болады. Картинаның премьерасы 2023 жылға жоспарланды.

Жайдарбек Күнғожинов, Халықаралық каскадерлер тобының жетекшісі:

 – Түрлі трюктарды әзірледі, негізінен ат үстінде емес, көбінесе төбелес, ұрысқа қатысты. Бет әлпеттері еуропа азаматтарына келмегендіктен, басында күмән болды. Біз азиялықпыз, сондықтан ол жерде не француздар, не казактар, не ағылшын актерлерінің орынына ойнау керек еді. Сондықтан мен тапсырыс берушілерге бірнеше гримммен түскен каскадерлердің суреттерін жібердім, өйткені ресейдің фильмдеріне түскен едік. Кейін олар қуана келісіп, біздің команданы, физикалық тұрғыдан жақсы машықталғанын айтып, барлық трюктарымызды жоғары деңгейде орындайтынымызды айтты.

Команданың алға жоспары ауқымды. Жайдарбек Күнғожинов атап өткендей, каскадерлер тобының тағы бірнеше жобаға қатысуы бойынша келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, «Nomad Stunts» 20 жыл ішінде «Мулан», «Неудержимые-2», «47 Ронин», «Моңғол», «Викинг» фильмдеріне, сондай-ақ Netflix және HBO стримингтік қызметтеріне арналған сериалдарға қатысқан. Каскадерлер Голливуд пен Болливудтың жетекші студияларымен, сондай-ақ қазақстандық және ресейлік режиссерлермен бірлесе жұмыс істейді.