Референдумда шетелдегі қазақстандықтар дауыс бере алады

5 маусымда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдумда шетелдегі қазақстандықтар да дауыс бере алады. Мәселен, Ресейдің бес қаласында сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады. Көрші елдегі Қазақстан елшілігінің хабарлауынша, Мәскеуден бөлек, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбы қалаларында дауыс беруге болады. Өзбекстандағы Консулдық мамандары осы республикада тұрақты жұмыс істейтін немесе білім алатын 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарының тізімін жасақтауға кірісті. Әзірге олардың саны 500-дің шамасында болады деп болжанып отыр. Елге уақытша сапарлап барғандар да өз таңдауын жасай алады.

Бақыт Нұрманбетова, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің консулы:

– Сол күні бізге келеді. 5 маусым күні. Нақты ол кісіге бюллетень беріледі. Тізімге жазылады. Ондай құқығы бар. Кез келген себеппен келіп, қандай жағдай болса да бізге келіп дауыс береді. Емделуге немесе саяхаттап келсе де, немесе жұмыс бабымен болса да, бізге келіп заңды түрде дауыс бере алады.

Қазақстанда конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдумға 12 млн-ға жуық азамат қатыса алады. Бас-аяғы 10 мыңнан астам сайлау учаскелері жұмыс істейтін болады.