Алматыға келетін туристер санын 2021 жылы 25% көбейту жоспарлануда

2021 жылы Алматыға келетін туристер санын 25%-ке арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы мегаполистің туризм басқармасы хабарлады. Осылайша, осы жыл ішінде мұнда ел аймақтарынан және шетелдерден кем дегенде бір миллион саяхаттаушы келеді деп күтілуде.

Туризм басқармасында атап өткендей, Қазақстанға келуші әрбір екінші шетелдік турист Алматыға бет бұрады.

Сонымен қатар оңтүстік мегаполистің тұмса табиғаты мен әсемдігін тамашау үшін көршілес Ресейден жиһанкездер көптеп келеді. Рейтингтің екінші орнында Қытай туристері тұр. Саяхаттаушылардың 6 проценті Өзбекстанға, 5%-і Қырғызстан мен Үндістанға тиесілі.

Сондай-ақ Түркия, Оңтүстік Корея, Германия, АҚШ, Франция, Италия, Гонконг және Жапониядан да келетін туристер бар.

Алайда 2020 жылы туризм индустриясы коронавирус пандемиясынан көп зардап шеккен салаларының бірі болды.

Халықаралық туристік ұйымның есептеулері бойынша, әлемдегі халықаралық туристік ағындар 2020 жылдың 10 айында 72% төмендеді. Дәл осындай жағдай Алматы қаласында да орын алған. Соңғы 11 айда қалаға шетелдерден 152 мыңнан астам турист келді. Ал бұл өткен жылмен салыстырғанда 72,5%-ке төмен. Өз кезегінде ішкі туристердің саны 422 мың адамды құрады.

Авторы: Әсел Күшенғалиева