Павлодар облысында жас қолөнершілер байқауы өтті

Халқымыздың қолөнер түрлері әлемдік бренд атануға лайықты. Павлодар облысының Аққулы ауданында жасөспірімдер арасында құрақ пішуден өткен сайысқа қатысушылардың пікірі осыған саяды. Жас шеберлер өрнектерді қаншалықты жылдам, ең бастысы әдемі етіп тіге алатынын көрсетті. Бірі «Сырға салу» салтына арналған ұлттық бұйымдарды әзірлесе, екіншісі ою-өрнекпен көмкерілген көрпелер жасаған. Ұлағат Жұмағалиұлы – қатысушылардың арасындағы жалғыз ер бала. Қолөнер мектебіне барып жүрген жасөспірім болашақта сән әлемін бағындырып, атақты дизайнер атансам деп армандайды.

Ұлағат Жұмағалиұлы, оқушы:

- Маған Айымгүл мұғалім тігуді, машинамен жүруді үйретті. Шамамен 10-15 күннен кейін «зигзаг» тігісін үйрендік. «Зигзаг» тігісімен оюларды, текеметтерді басамыз. Ол оюды да, кішкентай көрпелерді де іліп әкетеді. Мысалы, бір ойған оюдан екі ою шығаруға болады.

Мәлика Нахипова, қолөнер шебері:

- Бұл фестивальдің мақсаты – жасөспірімдерді тек қана тігіске емес, кәсіпкерлікке де тәрбиелеу. Біз Наурыз мейрамына қарсы тағы да жәрмеңке ұйымдастырмақпыз. Әр бала өзінің тіккен дүниесін өзі сатады. Сәйкесінше еңбекқорлыққа баулимыз.