А. Мұхамедиұлы «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» атты кітабының тұсауын кесті

24.kz

Алып – анадан туады. Қазақстанда танымал тұлғаларды өмірге әкелген ұлы аналар туралы кітап жарық көрді. Туынды Орталық коммуникациялар қызметінде көпшілікке таныстырылды. Басылымға әлемнің мықты тұлғаларын дүниеге әкелген, мәпелеп өсіріп, тәлім-тәрбие берген, өміріне оң ықпал еткен аналар жайлы құнды мәліметтер топтастырылған.

Жинақта қазақстандық, сондай-ақ әлемдік белгілі саясаткерлердің, спортшылардың және басқа да тарихи тұлғалардың аналарының тарихы жазылған. Мысалы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы, Владимир Путиннің, америкалық өнертапқыш Томас Эдисонның және басқа да көптеген танымал адамдардың өмірі туралы баяндалған. Еңбек әзірге Алматыда 2000 дана болып басылып шықты.

АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИУЛЫ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, ПРОФЕССОР:

 - Шынында да, біз танымал тұлғалардың бейнесі арқылы олардың аналарының бейнесін көрсете аламыз. Себебі, расында олар қиын-қыстау кезеңде дүниеге келген қарапайым балалар еді. Мысалы, әйгілі Альберт Эйнштейн бала күнінде сөйлей алмаған, алайда анасының шынайы махаббатымен қатар, баласына табандылықты үйретуінің арқасында, қазіргі таңда Эйнштейн есімі әлемге танымал.

МАЙЯ БЕКБАЕВА, ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, «QAZAQ TV» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл кітапты мен аналарға, болашақ және қазіргі аналарға оқуға кеңес беремін. Мысалы, Бен Карсон, Мұхамед Али, Томас Эдисон, Менделеев, Ататүрік, Шарль де Голь сынды тұлғалардың тарихын оқи бастасаң, одан бір тәрбиелілікті байқайсың. Яғни, ұстанымы мықты тұлғаны танисың. Бұл туынды, әрине әлемді ер азаматтар билейтінін, алайда алыптың анадан туатынын үйретеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай

×