Сенат стандартты үлгілерді жасау және қолдану жөніндегі келісімді ратификациялады

Сенат «Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы» келісімді ратификациялады. Құжат отандық экспорттаушыларға және келісімге қатысушы елдерге тауарларды, қызметтерді жеткізушілерге мемлекетаралық стандарт үлгілерін қосымша сынақсыз және зерттеусіз пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекетаралық мәртебеге ие шартты ратификациялау метрология саласындағы өлшеу нәтижелеріне деген сенімді арттырып, қазақстандық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл кәсіпкерлерге уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасаудың және қолданудың экономикамыз үшін маңызы зор. Қабылданған келісім қатысушы мемлекеттер арасында осы бағыттағы келісілген жұмыстарды жүргізуді көздейді. Алдағы уақытта бұл құжат бизнестегі әкімшілік жүктемелерді қысқартуға қызмет етеді.