ҚР СІМ: аласапыран күндері елден бірде-бір инвестор кетпеген

ҚР СІМ жұмыс істеп тұрған инвесторлар үшін шұғыл қоңырау шалуда. Қаңтар оқиғасы басталғаннан бері мамандар әр салымшымен жеке келіссөздер жүргізіп, республикадағы жағдай туралы ең өзекті ақпаратты беруде.

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы:

- Соңғы оқиғалар Қазақстанның имиджіне айтарлықтай нұқсан келтіргенін мойындау керек. ҚР СІМ «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясымен бірлесіп, БАҚ арқылы инвесторлармен тікелей байланыс орнатып, толық көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Елдегі қазіргі жағдай мен қабылданған шараларды нақтылау керек. Бізде 620-620 сенім телефоны жұмыс істеп тұрғанын атап өткім келеді, онда инвесторлардың туындаған мәселелер бойынша өтініштері тәулік бойы қабылданады және тез арада шешіледі.

Биліктің дұрыс саясаты еліміздің сыртқы имиджіне тиетін соққыны әлсіретіп, шетел инвестициясының сыртқа кетуін болдырмауға мүмкіндік берді. ҚР СІМ-нің мәліметінше, осынау аласапыран күндері елден бірде-бір инвестор кетпеген.

Ержан Қазыхан, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Оқиғаларды тергеумен айналысатын мемлекеттік комиссия құрылды. Алдағы уақытта халықаралық серіктестер және әлемдік қауымдастықпен бірлесе отырып, комиссия жұмысының нәтижелерімен бөлісетін боламыз.

S&P Global мәліметінше, Қазақстанның несиелік рейтингінің бұрынғы деңгейін сақтап қалу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, Қазақстан экономикасының қаңтар оқиғасынан кейінгі шығыны әртүрлі бағалаулар бойынша 2,5 млрд долларды құрауы мүмкін. Бұл есепке тәртіпсіздік, интернетті бұғаттау салдарын жатқызуға болады.