Көнеден жеткен «қоссаз» домбыра Ресейдің музейінде сақтаулы тұр

«Қос мойынды» немесе «қоссаз» домбыра. Бұл – әлемдегі ең көне музыкалық аспаптардың бірі. Түпнұсқасы Ресейдің Шығыс музейінің қорында сақтаулы тұр. Ал Қызылорда облыстық музейіне оның көшірмесі қойылды. Ғалымдардың айтуынша, өткен ғасырдың 70-ші жылдары Хорезм экспедициясының олжасына айналған құнды жәдігер біздің заманымыздағы IV ғасырмен мерзімделеді.

Әйгерім Бекқұлиева, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

- Елімізге белгілі археолог Әзілхан Тәжекеев Ресей Федерациясының Шығыс музейінде болып, арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осы домбыраны қолдан жинаған еді. Сөйтіп үлкен жаңалық қылып шығарды. Бұл – «Баба домбыра» деген атқа ие құнды дүние. Сыр елінде табылғандықтан, Қызылорда облысының айнасы саналатын облыстық музейде тұруы керек деп шештік.

Кезінде Моңғолиядан табылған шекті аспап біздің заманымыздағы VII ғасырға жатқызылып, «Ата домбыра» аталып кетсе, Сыр еліндегі қос мойынды аспаптың тарихы одан 3 ғасыр ерте екенін ескерген археологтар «Баба домбыра» деуге толық негіз бар деп санайды. Әзілхан Тәжекеевтің ғылыми жарияланымына норвегиялық ғалымдар да қызығушылық білдіріп, өз зерттеулеріне қосқан.

Әзілхан Тәжекеев, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD доктор:

- Бұл мақала рейтингі жоғары журналдарда жарияланып, кейін Израильдің, Англияның газеттері жан-жақты талдап жазды. Мақалаларда «Саттон-Ху обасындағы лираның атасы Қазақстан территориясынан 4 мың шақырым қашықтықта табылған» деген сынды ақпарат көрсетілген. Бір жағынан бұл – біздің жерімізде табылған осы жәдігердің Еуропамен байланысы болғанын дәлелдей түсетін деректердің бірі.

Көне «қоссаз» домбыра Англиядағы Саттон-Ху обалы қорымынан табылған лира аспабынан да көне екені нақтыланған. Мұндай құнды жәдігерлеріміздің қатары алдағы уақытта тіпті көбеюі мүмкін. Өйткені Ресейдің ғылыми орталықтары мен мұражайларында кеңінен зерттеуді қажет ететін 700-ге жуық ағаш бұйымдардың бөлшектері бар екен.