Алтай Әбибуллаев: «Жаңа Қазақстан» жаңа деммен дамиды

«Қазақстандағы қаңтар оқиғасы кезінде түрлі біріккен топтың арандатушылық әрекеттеріне қарамастан, отандастарымыз ауызбіршілігін көрсете білді», – дейді ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Алтай Әбибуллаев. Елшінің айтуынша, бұл оқиға біз үшін үлкен сабақ болды. Ал алдағы күндері еліміз жаңа деммен «Жаңа Қазақстанды» құру бағытында тек дами түседі.

Алтай Әбибуллаев, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі:

- Қаралы күндер артта қалды деп сенемін. Бүгінде жағдай тұрақтанды. Президент өз үндеуінде алғашқы күннен бастап батылдық танытып, халықты жұмылдыра білді. Бұл – өте маңызды саяси шешім деп есептеймін. Жаңа Үкіметтің алдында бірқатар маңызды тапсырма бекітілді. «Жаңа Қазақстанды» құру жауапкершілігі тек мемлекеттік органдарға немесе Үкіметке ғана емес, республиканың барлық азаматтары, яғни біздің отандастарымызға жүктеледі деп есептеймін.

Сондай-ақ спикер мұндай қақтығысты оқиғалар тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия елдерінде де орын алғанын айтты. Тіпті сонау 80-90-шы жылдары Орталық Еуропа елдері қанды қақтығысты бастарынан кешірген.