Қазақстандағы ахуал: қалалар қалыпты өмір ырғағына қайта түсе бастады

Еліміздегі өзге өңірлер де қалыпты өмірге орала бастады. Тәртіпсіздіктерден кейін тазалау жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым қалпына келтірілуде. Бірақ кей қалаларда лаңкестікке қарсы операциялар жалғасып жатыр. Сондықтан қауіптің «қызыл» деңгейі сақталған.

Атырау облысында жағдай тұрақталып келеді. Қаладағы Исатай-Махамбет атындағы орталық алаң тазартылды. Қазір ол жерді тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Қалаға кіретін негізгі автокөлік жолдарына қойылған блок бекеттер қалыпты жұмыс істеуде. Әр жолаушы мен көліктің жүк салғыштары толық тексеріліп жатыр. Әзірге қолға түскен күдіктілер жоқ.

Қайрат Бекенов, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

- Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету күшейтілді. Маңызы бар нысандар қалыпты режимде жұмыс істейді. Стратегиялық нысандар мен мемлекеттік органдардың барлығын күштік құрылым күзетуде. Азық-түлік қорымен қатар банкоматтар да қолма-қол ақшамен толықтырылған.

Қызылордада қауіптің «қызыл» деңгейі сақталып отыр. Өйткені облыс орталығында антитеррорлық операциялар әлі де жалғасуда. Дегенмен қалада қоғамдық тәртіп қалпына келтірілді. Қазіргі таңда мүліктік шығындарды есептеу және зерделеу бойынша арнайы комиссия құрылды. Қоғамдық көлік қозғалысы да біртіндеп ретке келуде.

Ақтөбеде жағдай тұрақты. Коммуналдық қызметтер қаладағы орталық алаңды күл-қоқыстан тазартуда. Облыстық әкімдік ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары бұзақылардың әрекетінен болған шығын есептелгеннен кейін қолға алынады.

Шымкент қаласының жұртшылығы да қалыпты өмір ырғағына оралды. Кәсіпкерлер сауда кешендері мен азық-түлік базарларын ашып жатыр. Жұртты дүрліктіргендердің алды ұсталып, тергелуде. Түркістан облысында сақтық шаралары күшейтілді. Облыс аумағында 45 бақылау бекеті орнатылған. Қауіпсіздік үшін қалаға кірген әрбір көлік тоқтатылып, жүргізуші мен жолаушылардың құжаты мұқият тексерілуде. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев өткізу бекеттерін аралап, қауіпсіздік шараларымен танысты.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі:

- Түркістан облысының халқына рақмет айтқым келеді. Қиын кезде сабырлық танытып, шыдамдылық көрсетіп, арандатушылардың сөзіне ермей, қасындағы азаматтарға дұрыс үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, тыныштық сақтап қалған бірден-бір облыс – Түркістан. Қазір де қауіп сейілген жоқ. Комендатура, полиция және блок-бекеттерге көмектесуіміз керек.

Қарағанды облысында қоғамдық ахуал тұрақты. Қазіргі уақытта сұранысты қажет ететін сауда, бизнес нысандарының барлығы, сондай-ақ қоғамдық көлік штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қоғамдық тәртіп бұзушылық жоқ. Ал Қарағандыдағы ҚР Ұлттық банк филиалының ақпараты бойынша, банкоматтарды қолма-қол ақшамен толықтыру мәселесі шешілген. Осыған қарамастан облыста түнгі 23:00-ден таңғы сағат 07:00-ге дейін коменданттық сағат сақталады. Сондай-ақ тәулік бойғы бақылау бекеттері жұмыс істеп тұр.