Украин жігіті Абайдың шығармаларын жатқа оқиды

Украин жігіті Абайдың шығармаларын жатқа оқиды

Әр азамат өзі тұрып жатқан елдің тілін, дәстүрін құрметтеуі тиіс. Бұл – Абайдың қара сөздерін жатқа оқитын Дмитрий Ромащенконың пікірі. Ұлты украин Дмитрий ұлы ақынның шығармаларын сүйіп оқиды. Бүгінде Қостанайда тұратын жігіт қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ береді.

Дмитрий Ромащенко – Ресеймен іргелес Федоров ауданының тумасы. Орыс тілді ортада өсіп, ер жетті. Алты жыл бойы орыс мектептерінде қазақ тілі пәнінен сабақ береді.

Алтынай Дөненбаева, мектеп оқушысы:

- Өзім орыс мектебінде оқимын. Бірақ Дмитрий Сергеевичтің сабағы маған қызық және қазақ тілін жетік білемін.

Дмитрийдің тіл үйренудегі басты әдісі – сөздерді жаттау. Жаңа сөздермен күнделікті жұмыс істейді. Украин жігітінің қазақ тілінде саналы түрде оқыған алғашқы кітабы – Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» романы. Ал қазақ тілінің ерекшеліктерін, болмысын тануға Абайдың туындылары ықпал еткен.

Дмитрий Ромащенко, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі:

- Ақынның он алтыншы қара сөзі: қазақ құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой.