Елордада тірі әрі экологиялық таза шыршалар сатылуда

Елордада тірі әрі экологиялық таза шыршалар сатылуда

Енді елорда тұрғындары Жаңа жылда тірі әрі экологиялық жағынан пайдалы шыршаны үйіне орната алады. Нұр-Сұлтан қаласының агрономдары биылдан бастап өздері баптап өсірген шыршаны сатылымға шығарды. Бұл бастама қала тұрғындары тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Себебі мерекеден соң шыршаларды қайта егуге болады. Ағаш өсіруші маманның айтуынша, осылайша жасыл желекті шыршалардың кесілу жағдайы азайып, табиғатты қорғай аламыз.

Мейрам Құрманов, «Жасыл жер» ЖШС бас агрономы:

- Қазақстан аумағында көп тал кесіліп жатыр. Соны болдырмай, оларды тірідей сақтап қалу үшін экологиялық шыршалардың пайдасы өте зор. Сондай-ақ қылқандылардың иісі адам ағзасына пайдалы. Ең басты мақсат – жасыл белдеуді сақтап қалу. Тәжірибе жүзінде сату жүйесін биыл бастадық және нәтижелері жақсы деп айтуға болады. Биыл алған 100 дананың 70-і сатылып кетті.

Қала тұрғындары эко шыршаларды сатып алумен қатар, жалға да ала алады. Қыш құмыраға қойылған жасыл желектерді қалай күтіп-баптау керегін агрономдар өздері көрсетеді.

Мейрам Құрманов, «Жасыл жер» ЖШС бас агрономы:

- Бұл «Сібір шыршасы» деп аталады. Ол белгілі бір көшеттікте өсіріледі. «Сібір» шыршасы қыркүйек-қазан айларында ұйқыға кетеді. Сол уақытта біз оларды қыш құмыраларға отырғызып, сатылымға шығарамыз. Шыршалардың ұзындығы – 1-2 метр. 1 метрлік шыршаны жалға алар болсаңыз бағасы – 18-25 мың тг, ал сатып аламын деушілерге 25-50 мың тг аралығында болады.

Айта кетейік, шыршаларды жылы жерде ұстауға мүлдем болмайды. Тірі шыршаларды өлтіріп алу қаупі бар. Сондықтан да мамандар жер үйде тұратын тұрғындарға сатып алуға кеңес береді.

Авторы: Ақзер Сегізбай