Нұр-Сұлтанда Елбасына арналған кітап жарық көрді

Нұр-Сұлтанда Елбасына арналған кітап жарық көрді

Елордада «Ел және Елбасы» кітабы таныстырылды. «Егемен Қазақстан кітапханасы» сериясымен жарық көрген еңбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Жинаққа еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі мен өміріне қатысты мақалалар және естеліктер топтастырылған. Кітап «Азаттық архитекторы», «Мемлекет сәулетшісі», «Елбасы және елорда», «Көреген саясаткер» деп аталатын 4 бөлімнен тұрады.

Серік Негимов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

- 30 жылдың ішінде БҰҰ-ға мүше болдық, Қазақстанды бар әлем таныды. Еліміздің экономикасы, мәдениеті қарыштап дамыды. Осының барлығы – тәуелсіздіктің куәгері, оны баянды етуші Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Ол «Ел және Елбасы» деген кітапта жан-жақты айтылған.

Шара аясында «Егемендік және Елбасы» көрмесі ашылды. Онда Тәуелсіздік жылнамасы еліміздің белгілі фототілшілерінің көзімен берілген. Соңғы 30 жыл ішінде республикалық басылымдарда жарияланған 50 фотоматериал Тұңғыш Президент қызметінің маңызды кезеңдерін айқындайды.

Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейі директорының орынбасары:

- Біздің 30 жылдық тарихымыз әрбір сәтте көрсетіліп тұр, сол үшін өте құнды. Бұл материалдар тікелей Тұңғыш Президенттің мемлекеттік қызметіне байланысты болғандықтан, Елбасының жеке архивінде сақталады.

Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы музейінде араға бірнеше жыл салып қайта жаңғырып, кеңге шығарылған еңбектерді желтоқсан айының 10-ына дейін тамашалауға болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов