Отандық фильмдер әлемдік нарыққа шықты

Отандық фильмдер әлемдік нарыққа шықты

Қазақстандық 13 фильм Мәскеу халықаралық кинонарығында ұсынылды. Оның ішіндегі үш картинаның жеке көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұл – жеткіншектердің есеюі кезеңіндегі мәселелерді қозғайтын «Кесте» фильмі, «1941 жылдың жазы» атты тарихи картина және «Зере» драмасы.

Бауыржан Шөкенов, киноорталық басқармасы төрағасының орынбасары:

- Қазақстан кинематографының тынысын көрсетуге келдік. Бұл – негізінен әлеуметтік маңызы бар фильмдер. Мемлекет осы сынды қоғамды толғандырған мәселелерді көтеретін фильмдерді қаржыландыруға ерекше көңіл бөліп отыр.

Екатерина Бордачёва, «Ресей кинобизнесі» форумының бас директоры:

- Жоғары деңгейде түсірілген түрлі жанрдағы фильмді көрдік. Ресей әсіресе, қазақ комедияларын ұнатады. Пандемия кезінде барлығымыз үйде отырып тамашаладық. Әрине, қазақстандық кино ауқымды тарихи қойылымдарымен де әйгілі. Мәселен, «Томирис» фильмінің Ресейде шығуын күтіп, картинаны интернет платформалардан көрдік.

Шараға қатысудың басты мақсаты – прокат компаниялары мен стриминг платформаларына фильмдер ұсыну. Қазіргі кезде осындай платформалардың қаржылық тиімділігі үлкен экрандарда көрсетілетін фильмдердің табысынан кем түспейді.