Қазақстан Мысырмен әуе қатынасын уақытша тоқтатады

Қазақстан Мысырмен әуе қатынасын уақытша тоқтатады

Қазақстан Мысырмен әуе қатынасын уақытша тоқтатып, оған қоса Оңтүстік Африка Республикасы, Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Танзания елдерінен және Гонконгтан кіру шараларын шектейді. Бұл туралы Үкімет отырысында мәлім болды. Биліктің осы шешімі әлемде коронавирустың жаңа штамы «омикронның» таралуына байланысты болып отыр. Вирустың жаңа түрі бүгінде Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Мысырда анықталды. Сондықтан енді аталған елдерден келген жолаушылар вакцина алғанына қарамастан, ПТР-тестін міндетті түрде тапсыруы керек. Сондай-ақ олар жеті күн бойы үй карантиніне жіберіледі. Десе де Үкімет басшысы жалпы елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін атап өтті. Бүгінде «қызыл» аймақта тек Солтүстік Қазақстан облысы қалып отыр, еліміздің 5 өңірі «сары», 11 өңірі «жасыл» аймақта орналасқан.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Стационарлық және амбулаторлық емдеудегі науқастар саны айтарлықтай азайды. Инфекциялық ауруханалардағы орындар 29%, ал реанимациялық орындар 23% толық. Басқа елдерде коронавирустың «омикрон» деген жаңа штамының пайда болғанын ескере отырып, мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту туралы ДДСҰ-ның ұсынысын қолдаймын. Ел ішінде де эпидемиологиялық жағдай үнемі бақылауда болуы қажет, ғимараттар мен көлікте маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау жалғасуы тиіс. Халықты вакциналаумен және ревакциналаумен тиісінше қамтамасыз ету керек.

Авторы: Ақзер Сегізбай