Шарын ұлттық паркінде жаңа инфрақұрылымдар пайда болады

Шарын ұлттық паркінде жаңа инфрақұрылымдар пайда болады

Шарын шатқалы туристер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түспек. Жақын арада мұнда саяхатшыларға арналған жаңа инфрақұрылымдар пайда болады. Мысалы, саяхаттаушылар каньонның түнгі көрінісін тамашалауға мүмкіндік алады. Жартастар мен жалғыз аяқ жолдарға жарық қойылады. Бүгінгі таңда мұнда жабдықталған бақылау алаңдары, ақпараттық стендтер мен метеостанциялар орнатылған.

Жәнібек Әлкеев, экотуризмді дамыту жобасының жетекшісі:

- Біздің басты мақсатымыз – туризмді дамыта отырып, табиғатқа зиян тигізбеу. Сондықтан серіктестеріміз ретінде география, мәдениет, тарих сынды әр саладан түрлі маман жиналған. Бұл – түрлі ғылыми қауымдастықтан тұратын «Qazaq Geography» бірлестігі. Осылайша әлемдік тәжірибені зерттей отырып, жиған-тергенімізді зерделеп, күш-жігерді біріктіру арқылы қоршаған ортаға зиян келтірмеу амалдарын қарастырамыз.

Жасұлан Махмұт, гид:

- Жазды күндері Шарын шатқалы қатты ысиды. Температура +40, +45-ке дейін барады. Сол себепті тамыз айынан бастап әр 500 метр сайын көлеңкелі орындар қойылды. Олардың жанында арнайы фильтрмен су алатын крандар бар.

Сондай-ақ жақын арада мұнда бірнеше жаңа жаяу жүру маршруты пайда болады. Әзірге мұндай бағыттар «Қорғандар аңғарының» жиегі мен ішінде ғана бар.