Беларусьте Елбасы туралы фильмнің премьерасы өтті

Қазақстанның Тұңғыш Президенті туралы «Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмі Минск қаласында «Листопад» кинофестивалі аясында көрсетілді. Фильмде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмірі мен жаңа тарихтағы маңызды оқиғалары, Кеңес Одағының ыдырауы, Семей полигонының жабылуы, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы қазіргі рөлі туралы естеліктерімен бөліседі. Туындыға танымал америкалық кинорежиссер, Оскар сыйлығының үш дүркін иегері – Оливер Стоун продюсерлік етіп, халықаралық кино топ жұмыс істеген. Көрермен фильмнің музыкалық безендірілуіне ерекше тәнті болды. Картинаны әуенмен әрлеу қазақ халқының дәстүрлі музыкасы жөніндегі беделді халықаралық сарапшы Карло Силиоттонға сеніп тапсырылды.

Игорь Кобзев, «Qazaq. Алтын адамның тарихы» фильмінің продюсері:

- Бізге дейін Нұрсұлтан Әбішұлының Шушкевич, Кравчук, Ельциндер болған Беловеж орманына неге келмегенін ешкім білмеген. Міне сол туралы фильмде бірінші рет айтылады. Сондай-ақ телепремьераға дейін ашып айтқым келмейтін бірқатар жайт бар. Фильмнің алғашқы телевизиялық нұсқасы Қазақстанда көрсетіледі. Дегенмен әлем көрермені арасында сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн. Көздеріне жас алған италиялықтарды көргенде қатты әсер алдым. Қазақстандықтарсыз бұл кино болмас еді.

Игорь Лопатенок, «Qazaq. Алтын адам тарихы» фильмінің режиссері:

- Неліктен Минск үшін қызықты болуы мүмкін? Өйткені Беларусь елі мен қазақ халқының тарихында ортақ тұстары бар және менің ойымша, халықтың ортақ мүдделері де бар. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы қандай қарапайым болса, Александр Григорьевич Лукашенко да Беларусь азаматтарының арасында сондай деп ойлаймын.

Жақын арада қазақстандықтар фильмнің 8 сериялы теленұсқасын тамашалай алады.

Айта кетейік, қазіргі таңда фильм Оскар сыйлығына жарысқа түсіп, бүгінде алғашқы музыкалық номинацияны жеңіп алған. Беларусьтен кейін фильм өзінің кинематографиялық шеруін БАӘ, Франция, Германия, Жапония және Қытайда жалғастырады.