Қазақстандық спортшылар Бейжің Олимпиадасына дайындалуда

Қазақстандық спортшылар Бейжің Олимпиадасына дайындалуда

Қазақстандық спортшылардың қысқы Олимпиада ойындарына дайындығы қыза түсті. Әлем додасында ел намысын арқалайтын сайыпқырандар үздік жаттығу алаңдарында әзірліктерін пысықтауда. Төрткүл дүние тартыстары Бейжіңде алдағы ақпан айының 4-і мен 20-сы аралығында өтетіні белгілі. Ұлттық құрама спорттың 93 бағдарламасында бап пен бақ сынайды. Фристайл-могул, фристайл-акробатика және шорт-трекке үлкен үміт артылып отыр. Негізгі құрама қаңтар айында жасақталатын болады.

Елсияр Канағатов, Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті дирекциясының басшысы:

- Біз отандық спортшыларды спорттық жабдықтары жақсы қамтылған шетелдік оқыту-жаттығу нысандарына жібереміз. Онда спаринг-қарсыластар, өзге елдің спортшылары бірге жаттығады. Ең бастысы жолдама ойналатын негізгі жарыстарға қамданудамыз. Спортшыларымыз фристайл-могул, фристайл-акробатика, конькимен жүгіру және шорт-трек, трамплиннен секіру, шаңғы жарысы сынды спорт түрлерінен жақсы өнер көрсетеді деп ойлаймын.

Бейжіңде XIII Қысқы Паралимпиада ойындары да өтетінін айта кету керек. Бұл ауқымды спорттық шара 4 наурыз күніне жоспарланған. Онда да қазақстандық спортшылар бой көрсететін болады. Қазір ұлттық құрама жарысқа жан-жақты дайындық үстінде. Отандық параатлеттер спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салатын болады.