Нұр-Сұлтанда «Qazaq Eli» көрме жобаларының сериясы ашылды

Нұр-Сұлтанда «Qazaq Eli» көрме жобаларының сериясы ашылды

Замануи қазақстандық арт-өнерінің және Ұлы даланың тарихи мотивтерінің тоғысуы. Елордада ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Qazaq Eli» көрме жобаларының сериясы ашылды. Көшпелі тұрмыс заттары, бірегей зергерлік бұйымдар мен фотокартиналардан тұратын экспозициялар Бейбітшілік және келісім сарайының үш бірдей қабатында орналасқан. Ең төменгі қабатта «Tulpar» заманауи кескіндеме көрмесі орналасқан. Онда Қазақстан, Түркия және Молдова суретшілерінің жұмыстары қойылған.

Лейла Махат, көрме жобаларының кураторы, елорда галереясының жетекшісі:

- Төменгі қабат ескіден хабар беруі тиіс болды. Сондықтан біз қазақ халқының киелі жануары, сенімді серігі жылқының бейнесін көрсетуге тырыстық. Жылқы малы – өте әдемі, көрікті жануар. Оған сырттай түсіндірме жүргізудің керегі жоқ, бейнесінен-ақ түсінуге болады. Барлық жобамызда бірлікті көрсетіп, оның образын қалыптастырып келеміз. Сондықтан бұл жолы да бұған дейінгі жобалармен үйлесетін экспонаттар мен өнер туындыларын таңдап алдық. Көрме қаңтар айының соңына дейін жалғасады, бәлкім әрі қарай да созуымыз мүмкін.

Сержан Башировтың «Kebeje» атты көрмесі өзінің алуандығы және бірегейлігімен көрерменді таңғалдырады. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы көшпелі халықтың көне тұрмыстық заттарын жинап келеді. Оның ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жүн, сүйек, металл, ағаштан жасалған бұйымдар бар. Сондай-ақ суретші өз қолымен күмістен сақина, тұмар, түрлі амулет жасайды.

Сержан Баширов, коллекция жинаушы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

- Көрмеде қазақтың тоқымалары, кілемдер, түскиіздер, кестеленген бұйымдар, кебеже-сандықтар мен жиһаздар ұсынылған. Мен 80-ші жылдардың соңынан, яғни 87-88-ші жылдардан бастап қазақтың тұрмыстық көшпелі заттарын, киіз үйдің ішіне қойылатын заттарды, шебер-қолөнершілердің аспаптарын коллекция ретінде жинап келемін. Баршаңызды көрмені тамашалауға шақырамын!

Авторы: Ақзер Сегізбай