Ақтауда пальма ағашы табиғи жолмен өсірілуде

Ақтауда пальма ағашы табиғи жолмен өсірілуде

Ақтау орталығындағы жасыл оазис. Эксперименттік ботаникалық бақтың мамандары субтропикалық өсімдікті отырғызды. Шетелден әкелінген пальмалардың үш түрі бақтың ерекше көркін ашуда. Енді қазақстандық ғалымдар осы экзотикалық ағаштарды өңірге жерсіндіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Маңғыстаудың климаттық көрсеткіштерін зерттеу нәтижелері бойынша, облыста соңғы 10 жыл ішінде 280 күн бойы жылы температура сақталған. Мамандарды мұндай термометр көрсеткіші қуантады. Қазір ботаникалық бақтың қызметкерлері ағаш діңін арнайы кенеп матамен орап, 1,5 метрлік пальмаларды қысқа дайындап жатыр.

Айта кетейік, бұл тропикалық ағаштар аязға төзімді болып келеді. Экзотикалық өсімдіктер минус 10 градусқа дейінгі ауа температурасына төтеп бере алады.

Ақжүніс Иманбаева, ботаника бағының директоры:

- Алғашқыда 1-2 ай температуралық режимге бейімделсін деген мақсатта өзінің ыдысында ұстадық. Қыркүйек айынан бастап ектік. Қараша айының аяғында қысқа дайындаймыз.

Латипа Қожамжарова, жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушісі, профессор:

- Итальяндық альба, тропикалық лимон, ананас, пальма, суклент өсімдіктерінің түрлерін студенттермен кіші ғылым академиясында өсіріп, осы табиғатқа жерсіндіреміз. Зімбір, лимон сияқты өсімдіктерді Маңғыстауда өспейді деу дұрыс емес. Маракуйя өсімдігін жүзіммен алмастыруға болады.