Әлемде Талдысайға балама жоқ – ғалымдар

Әлемде Талдысайға балама жоқ – ғалымдар

Қазақстан аумағы – ежелгі металлургияның отаны. Оған төрт мың жыл бұрын тау-кен металлургия өндірісінің нағыз ұстаханасына айналған Талдысай қонысы айғақ. Археологиялық қазба жұмыстары барысында мұнда көптеген шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жерасты пештері табылған. Демек, металды балқытып, одан бұйым жасауды ата-бабаларымыз қола дәуірінен бастап меңгерген. Археологиялық зерттеулердің деректері бойынша, ірі металлургиялық орталық қазіргі Қарағанды облысының аумағында орналасқан. Мұнда мыс балқыту өндірісі де жақсы дамыған. Ғалымдар пышақтар, тескіштер, инелер мен моншақтар тапқан. Отандық және шетелдік ғалымдардың айтуынша, әлемде Талдысайға балама жоқ.

Альбина Ержанова, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:

- Қазақстанның барлық аймағында қазба жұмыстары жүрді. Оннан аса қоныс, оның ішінде 5-6 металлургиямен айналысқан қоныс бар. Қазақстанның металлургиясы XX ғасырда емес, сонау ерте қола дәуірінде бастау алғанын дәлелдеп отырмыз.

Антонина Ермолаева, Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері:

- Қазірдің өзінде, яғни өндірістік деңгейде Менделеев кестесі мен физика-химиялық заңдылықтарды біле отырып металлургиямен айналысу өте қиын. Қола дәуіріндегі адамдар үлкен көлемде мыс кенін өңдеп, кеніштерді игерген.

Біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың өзінде ата-бабаларымыз мыс өндіруде озық технологияларды қолданған. Ғалымдар бұл өнертабыстар қуатты технологиялық серпіліс болғанын айтады. Қазір бұл аймақта қазба жұмыстары жалғасуда. Оған болашақта халықаралық сарапшыларды тарту жоспарлануда.