Ғұмырын құнды жәдігер жинауға арнаған

20 мыңнан аса түрлі төсбелгі, орден мен медаль. Коллекционер Қайырбек Рамазановтың жеке коллекциясының қоры осындай. Фалеристиканы әуестік еткен жерлесіміз түрлі төсбелгілерді жинақтауды 1969 жылы бастаған. Коллекционердің қолында құнды тарихи жәдігерлер жетерлік.

Қайырбек Рамазанов, фалерист, коллекция жинаушы:

- Коллекцияның көбін, 80 процентін коллекционерлерден жинадым. Өйткені Кеңес Одағы кезінде біздің Шығысқа көп кісі келетін. Жұмыс бабымен, іссапармен Шығыстан, Батыстан, Кавказ жақтан, Сібір, Прибалтика жақтан коллекционерлер көп келетін. Мен сол коллекционерлермен көбін айырбастап, сатып алып жинадым.

Отандық танымал фалеристке жәдігерлерін қымбат дүниелерге айырбастауды жиі ұсынады екен. Алайда ол құнды қорын музейге мұра етіп қалдыруды ойлап жүр. Қайырбек Рамазановтың коллекциясындағы экспонаттарға қарап, төсбелгілер арқылы тарихқа үңілуге болады. Оның ішінде мәдениет, спорт, медицина, партия, комсомол, ғарыш, теміржол, автокөлік салаларынан белгілер бар. Фалерист ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайы көрме ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Авторы: Ақзер Сегізбай