Қазақстанға 30 жылда 1,5 млн-нан астам қандас оралған

Қазақстанға 30 жылда 1,5 млн-нан астам қандас оралған

2021 жылдың 18 қарашасы – тарихи күн. Осыдан тура 30 жыл бұрын 18 қараша күні шетелдегі этникалық қазақтарды Қазақстанға көшіру туралы ҚазКСР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Атажұртқа жол ашқан сол күннен бері Қазақстанға 1,5 млн-нан астам қандас оралған. Алдағы уақытта ұлы көш басталған күнге арнайы мәртебе берілуі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Ауыт Мұқибек және тағы басқа қоғам қайраткерлері Ұлы көштің тарихи рөлін ескеріп, арнайы күн белгілеу қажеттігін айтып жүр. Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер күнтізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын».

Тарихи маңызы бар құжатты дайындау барысында басы-қасында болған Марат Тоқсанбаев сол жылдары бірден 14-15 министрлікпен келісім жүргізілгенін еске алды. Сонымен қатар ол қазір де қандастарды елге тарту үрдісін жетілдіру, берілетін квота санын арттыру қажеттігін айтады. «Себебі олар әуел бастан «Не алсам?» деп емес, «Елге не берсем?» деп келді», – дейді спикер.

Марат Тоқсанбаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ Фронт кеңселерінің үйлестірушісі:

- Соңғы жылдардың ішінде 80-нен астам ғылым докторы, 220-дан астам ғылым кандидаты бар. Соның бәрі елімізде білім, мәдениет саласында жұмыс істеп жүргендер. Менің ойымша, квота санын көбейту, қолдау көрсету керек. Мысалы, қазір жастар тарапынан қабылданған Білім және ғылым министрлігінің өзінің жобасы бар, жылда жастарды тарту бағдарламасы бар. Айрықша квоталар беріп жатыр. Соның санын тағы да көбейтсе екен. Шетелден балаларды көбірек тартсақ, сол балалар келсе, ертең артындағы ата-анасын, әже-атасын алып келеді деген ойдамын.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан 1 қарашаға дейінгі мәлімет бойынша 15 903 адам тарихи отанына оралып, «қандас» мәртебесін алған. Биыл келген этникалық қазақтардың 76,3% Өзбекстаннан, 9,5% Қытайдан, 6,1% Түрікменстаннан, 2,5% Моңғолиядан және 5,5% басқа елдерден қоныс аударған.

Авторы: Ақзер Сегізбай