Қазақстанда 10-шы Азаматтық форум өтеді

Қазақстанда 10-шы Азаматтық форум өтеді

Қазақстанда 22-26 қараша аралығында 10-шы мерейтойлық Азаматтық форум өтеді. Дәстүрлі жиын ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту шеңберіндегі негізгі іс-шаралардың бірі болмақ. Қатысушылар демократиялық үрдістерді дамыту, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру, сондай-ақ қоғам, мемлекет пен бизнестің күрмеулі мәселелерінің түйінін босатуға қатысты ойларымен бөлісіп, талқыға салады. Форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңы мен панельдік сессиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ апта ішінде министрлердің азаматтық қоғам, ал әкімдердің өңірлердегі үшінші сектор өкілдерімен кездесулері болады. Сонымен қатар форум аясында «Үкіметтік емес ұйым» және «Таңдау» сыйлықтарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтеді.

Бану Нұрғазиева, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті:

- Бағдарлама өте мазмұнды әрі кең ауқымды. Оны арнайы сайттан көріп, жіті танысуға болады. Сайт іске қосылды. Осы конференциядан кейін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді. Бұл – мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған шара. Басты идеясы – Қазақстанның азаматтық қоғамға жаһандық көзқараспен қарауы. Біз азаматтық қоғамды дамыту үшін өзекті мәселелерді ескеріп, қазіргі тарихымызға талдау және болашаққа болжам жасағымыз келеді. 10-шы Азаматтық форумның мазмұнды бағдарламасы барлық қатысушыға мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ортақ мәселелері, олардың шешімдері туралы айтуға мүмкіндік береді.