Ғарышты бағындырған Талғат Мұсабаев – 70 жасқа келді

liter.kz

Ашық ғарышқа шығып, аспан әлемін бағындырған тұңғыш қазақ. ҚР халық қаһарманы, Ресей Федерациясының батыры. Отандық ғарыш саласының атасы – Талғат Мұсабаев бүгін 70 жасқа толды. 1994 жылдың шілденің 1-ші жұлдызында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз ТМ-19» зымыраны ұшқан болатын. Ғарыш кемесінің бортында командир Юрий Маленченко мен борт инженер Талғат Мұсабаев. Айта кетейік, екеуі де ашық ғарышты тұңғыш рет бағындырды.

Бұдан соң Талғат Мұсабаев ашық ғарышта тағы екі мәрте болған. Жалпы, ол салмақсыздық деңгейде бір жылға тарта уақыт өткерген. Нақтырақ айтсақ,  341 тәулік 9 сағат 46 минут. Алыс әрі мағызды үш сапарынан да оралу сәтінде отандық ғарышкерді еліміздің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды.

Талғат Мұсабаев тоқсызданып қалған «МИР» орбиталық станциясын қайта қуатқа қосқан. Ғарышкер-ұшқыштың достары мен әріптестерінің айтуынша, оның еліміздегі қолданбалы ғарыш зерттеулері мен тәжірибелердің дамуына қосқан үлесі зор. Ол өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, әлі де саланы жетілдіруге атсалысып келеді.  

ЕРҒАЗЫ НҰРҒАЛИЕВ, «ҚАЗАҚСТАН  ҒАРЫШ САПАРЫ» ҰК» АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Осы адамның арқасында Қазақстанның ғарыш саласындағы толағай табыстарға жеттік. Оның аспан әлеміне қатысты бар білімі мен тәжірибесі осы бағытта алдымызға қойған бар стратегиялық мақсаттар мен жоспарларымызды нақты әрі сапалы түрде жүзеге асыруға үлкен сеп болды. Сондықтан да Талғат Амангелдіұлын шын жүректен мерейтойымен құттықтағым келеді.

Ерғазы Нұрғалиевтің жары Сара Қабиқызы ел өз қаһармандарын білуі тиіс деп санайды. Ол Талғат Мұсабаевтың жасаған игі істерін құр естіп жүрген жан емес. Сара Нұрғалиева еңбек өтілінің негізгі бөлігін аса сирек жанр – ғарыш журналистикасына арнаған. Қызмет барысында осы тақырып аясында  мыңнан астам материалдар жазып, ондаған кітапты жарыққа шығарды.

САРА НҰРҒАЛИЕВА, «РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒАРЫШ БАЙЛАНЫСЫ  ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

 - Менің ісімді лайықты қорытындылаған жұмыстарымның бірі «Теңдік белгісі» атты кітап деп санаймын. Бұл тек Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшуын сипаттайтын ғана кітап емес, ол «Байқоңыр» тағдырын және Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ғарыш саласына құруға қосқан үлесі жайында баяндайтын еңбек. Осы жылы «Талғат Мұсабаев – ашық ғарыш» атты тағы бір кітабым жарыққа шығады. Қазіргі таңда бұл еңбегім басылып жатыр. Бұл алғашқы данасы. Жақында көпшілікке таныстырып, мерейтой иесіне табысталатын болады. 

Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын адамзат дәл осы қазақ жерінен аспан әлемін бағындырып, ғарышқа аттанды. Бүгінге дейін Қазақстан сол алған бағытынан бір тайған емес. Әлі де жаһандық деңгейде ғарыш саласын дамытуға күш салып келеді.

 - МЕЙІРБЕК МОЛДАБЕКОВ, ПРОФЕССОР, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

Ғарыштық қызметтерді пайдаланып, ғарыш технологияларын бүгінгі жүйеде кәдеге асыру – заман талабы. Индустрия, экономика сынды негізгі салаларға тың жаңалықтар әкелді. Цифрландыру дәуірінде жаһан деңгейіндегі заманауи мақсаттарға жетудің озық құралына айналды.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

×