«Жастар және мәдени мұра» жобасы: үздік туристік бағыттың авторлары анықталды

«Жастар және мәдени мұра» жобасы: үздік туристік бағыттың авторлары анықталды

Ішкі туризмді дамыту және мәдени мұраны жаңғырту. «Жастар және мәдени мұра» жобасы аясында құрылған үздік 12 туристік бағыттың авторлары анықталды. Байқауға 178 команда жұмылдырылды. Басым көпшілігі негізінен 18-29 жас аралығындағы ЮНЕСКО клубтарының мүшелері. Ауқымды жоба еліміздің барлық 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Қатысушылар туристік бағыттарды құрудың қыр-сырын таныды. Аудио және видеогидтер әзірлеп, Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасымен жіті танысты. Тәжірибелік кезеңде үш адамнан тұратын құрама туристік бағыттың картасын жасап, сол жердің мәліметі келтірілген мәтіндік, дыбыстық және бейнежазбалар әзірледі. Ақтық сынға 12 команда өтті.

Әсемгүл Қапарова, Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының бас хатшысы:

- Қазіргі таңда туристік бағытта қосымша жасалып жатыр. Әзірше атауы жоқ. 1 айдың ішінде дайын болуы керек. Ол жерге басында құрылған 60 бағыттың барлығы қосылады. Кейбірі қазақша, ал кейбірі орыс тілінде дайындалды. Олар қай тілде жасалса, сол тілде қосылады. 35 бағыттың барлығын қосымшаға қосамыз. Қосымшаны 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік алған күніне орай халыққа таныстырамыз деп ойлаймын.

Жеңімпаздардың қатарында «Есіл бойымен жаяу жүріп өту» туристік бағыты бар. Құрастырушылары шетелдік саяхатшылармен бірге жергілікті мекен тұрғындарына да қызықты болатынына сенімді. Өзен бойымен серуендеумен қатар, елорданың көрікті жерлерін тамашалауға болады. Бас шаһар жайында қызықты ақпарат беріледі. Жүріп өткен қадамдар бойынша рекорд орнатуға болады.

Камилла Шынғожинова, байқау жеңімпазы:

- Біздің бағытымыз Бейбітшілік және келісім сарайынан бастау алады. Кейін Есілдің жағалауын бойлай, орталық саябақты кесіп өтеміз. Республика көшесінің бір бөлігін қамтиды. Осылайша «Серуен» көпіріне жетеміз. Аудиогидті құруда сандық деректерге үңілмейміз деп шештік. Баршаға түсінікті қарапайым мәнерде мәлімет беріледі. Бұл бағытты таңдаған туриске жайлы болу үшін әндер жүктелген. Яғни радио бар деп айтуға болады.

Болашақта барлық жаңа туристік бағыт бірнеше шет тіліне аударылып, шетел азаматтары үшін де қолжетімді болады.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов