Қазақстандық өндірушілер Қытай нарығын бағындыруда

Қазақстандық өндірушілер Қытай нарығын бағындыруда

Қазақстанның 30 ірі өндірушісі Шанхайдағы жыл сайынғы импорттық тауарлар көрмесіне қатысуда. Олар 100 млн доллардан астам азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін жеткізуге келісім жасайды деп күтілуде. Алайда көптеген компания шараға онлайн форматта қатысуда. Бұл – пандемияға байланысты ереже. ЭКСПО көрмесінде олардың өнімдері ғана бар, ал келіссөздерді арнайы өкілдер жүргізетін болады.

Евгений Король, қазақстандық компанияның сату жөніндегі директоры:

- Қытай өз нарығына қызғанышпен қарайды. Әрдайым Қытайға жіберілетін өнімдерді өте мұқият тексереді. Бірақ біздің өнімдер Қытай тарапы аса көңіл бөлетін барлық сынақтан, қажетті сертификаттаудан өтті.

Аталмыш қазақстандық зауыт өз өнімінің 70% экспортқа жөнелтеді. Тауарлар Орталық Азияның барлық еліне, Ресейге, тіпті Ауғанстанға да жеткізіледі. Кәсіпорын жылына 40 мың тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Енді компания аспанасты елінің нарығына шығуға ниетті.

Мирас Қилыбаев, қазақстандық компанияның өкілі:

- Біздің өнімнің ассортименті кең, сондықтан Қытай тұтынушылары көңілінен шығатынын таба алады. Сіздер жақсы білесіздер, қытайлықтардың тағамының дәмі өте ащы. Сондықтан қазір олардың еуропалық тағамдарға сұранысы артуда. Біз оны ұсына аламыз.

Көрме өткізілген соңғы 4 жылда Қазақстан мен Қытай арасында жасалған шарттардың сомасы жарты млрд доллардан асатынын айта кеткен жөн. Азық-түлік өнімдерінен басқа біздің ел цифрлық шешімдерді ұсынуға ниетті. Көрме 10 қарашада аяқталады.