Нұр-Сұлтанда QazForum-2021 басталды

Нұр-Сұлтанда QazForum-2021 басталды

Қазақстанда отандық контентті қараушылар үлесі үлкен қарқынмен өсіп келеді. Қазақстан медиа нарығындағы шетелдік және отандық арналар рейтингісінде үздік ТОП-10-дықты біздің телеарналар иеленді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақ тілінде контент жасаушылардың дәстүрлі форумында мәлім етті. «Мұның өзі біздің ұлттық телеөнімдердің бәсекеге қабілетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді», – деді министр. Биыл бесінші рет өткізіліп отырған форум еліміздің танымал медиа сарапшыларының, журналистері мен редакторларының, сондай-ақ блогерлердің басын қосады. Бүгінге дейін оған 400-ден астам қатысушы қатысқан.

Кристиан Райт, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің БАҚ, мәдениет және білім беру мәселелері жөніндегі елші кеңесшісі:

- БАҚ демократиялық қоғамда маңызды рөл атқарады деп есептейміз. БАҚ әрине, бәсекеге қабілетті, мықты болуы керек. Сондықтан Қазақстандағы БАҚ-тың дамуына байланысты кез келген бастаманы қолдауға әрқашан дайынбыз. Себебі біз бұл елдің ұзақ мерзімді серіктестері болып табыламыз.

Сондай-ақ QazForum аясында жұмыстары әлеуметтік желіде жиі қолданылған фотографтардың суреттері көрмеге қойылды. Осылайша қатысушылар медиакеңістікте танымал фотожұмыстардың шынайы авторларымен таныса алады.

Авторы: Ақзер Сегізбай