Президент мақаласы: Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса береді

Ел игілігі мен халық қамында жанын шүберекке түйген Алаш арыстарының мұратын өскелең ұрпаққа белсенді түрде насихаттау маңызды. Жастар кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым алу керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осындай үгіт тастады.

Азаттық жолында құрбан болған осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етудің маңыздылығын айтты. Ол үшін осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың еңбегі қолдауға ие болып, бағалануы қажет деді мемлекет басшысы. Зиялы қауым өкілдері де азаттықтың бастауында тұрған Алаш мұрасын жаңғыртудың мән-маңызы айрықша екенін айтады.

ЖАНҒАЛИ ЖҮЗБАЙ, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Бұл мақала, сөз жоқ біздің қазіргі қазақ қоғамына қажет өте өзекті проблемалардың барлығын ақтарып айтты десек болады. Бұның ішінде өзіме ерекше ұнағаны – ол Алаш арыстары тарихын зерттеу, зерделеу, бағалау және оны қазіргі қоғамға сіңіру. Сондықтан осылардың бәрін саралап, ұлтқа тигізген шапағатында, жақсылығында бәрін санамалап айтып, кейінгі өскелең ұрпақтың санасына еңгізе беру керек. Осы жөніндегі әңгіме мақалада кәдімгідей көзге шұқып көрсеткендей ашық айтылған.  

Авторы: Жеңіс Ермұқанов