Қазақстанда кәсіпкерлерге қойылатын талаптар тізімі әзірленуде

Қазақстанда кәсіпкерлерге қойылатын талаптар тізімі әзірленуде

Қосымша тексерістерге жол берілмейді. Елімізде кәсіпкерлерге қойылатын талаптар тізімі әзірленеді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, бұдан былай бизнес-нысандар нақты заңды бұзу дерегі тіркелген кезде ғана тексеріледі. Сонымен қатар жаңа жұмыс үрдісі жеке кәсіп иелеріне жүктемені азайтады. Бұл өз кезегінде қажетсіз шығындардан босатады. Жаңа заң жобасына сәйкес цифрландыруға басымдық берілмек. Бұл ең алдымен кәсібін дөңгелетіп жүрген азаматтарды қағазбастылықтан арылтады.

Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Аталған тізім бизнеске қойылатын міндетті талаптарды толық қамтиды. Яғни тізім бойынша толық мәліметтер болады. Сонымен бірге осы немесе басқа талап қайта қаралатын, жойылатын нақты күндері көрсетіледі. Аталған тізім «Әділет» ақпараттық жүйесінің базасында құрылады. Сонымен қатар тізімге техникалық қолдауды осы бағытта тәжірибесі бар Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институты қамтамасыз етеді.