Мектеп оқушысы ауаны тазартатын құрылғы ойлап тапты

Мектеп оқушысы ауаны тазартатын құрылғы ойлап тапты

Көмірқышқыл газының мөлшерін анықтап, ауаны тазартатын құрылғы. Ал нормадан асып кеткен жағдайда артық газды автоматты түрде залалсыздандырады. Құрылғыны Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Богдан Миронов дайындап шығарды. Жобасын «автоматты желдету құрылғысы» деп атаған 9-сынып оқушысы оның өнертабысы кең ауқымда жаһандық жылыну проблемаларын шеше алады деп есептейді. Жас ғалым өз құрылғысын республикалық ғылыми жобалар байқауында таныстырды.

Богдан Миронов, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

- Бұл құрылғының көмегімен кеңсені желдетіп, ауадағы көмірқышқыл газының көптігінен шаршап-шалдығу мәселесін шешуге болады. Көптеген кеңседе ауа алмасу жүйесі өте нашар. Әйнек жиі қолданылатын ғимараттарда вентиляция мүлдем болмайды. Ал өндірістік желдету құралдарының құны қымбат. Бұл құрылғыда көмірқышқыл газының көлемін анықтайтын арнайы есептеуіш орнатылған. Егер кеңседегі зянды газ мөлшері көбейсе, ол автоматты түрде ауаны тазарта бастайды.

Айта кетейік, байқауға еліміздің әр аймағынан келген 300-ден астам оқушы қатысып жатыр. Олар ғылыми-техникалық прогрестің экономика мен экологияға әсері, «жасыл» технологиялар, математикалық модельдеу, еліміздің тарихы мен туризм саласындағы тақырыптар бойынша бәсекеге түседі.