СҚО ормандарында 3 млн түп ағаш отырғызылды

СҚО ормандарында 3 млн түп ағаш отырғызылды

Биыл СҚО-да 3 миллионнан астам қайың мен қарағай отырғызылды. Көшеттер тәлімбақта екі жылға жуық өсірілген. Өңірде табиғи ресурстарды молайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Эколог мамандардың айтуынша, бұл өте маңызды. Жасыл желекті «ғаламшардың өкпесі» деп бекер айтпаған. Олар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп қана қоймай, сонымен қатар климаттың өзгеруіне оң әсер етеді. Табиғи ресурстар басқармасы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы жылдары аймақта орман алқаптарының аумағы 10 мың гектарға ұлғайған.

Василий Лобанчук, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша орман егу жұмыстарын жүргізетін аумақты айтарлықтай ұлғайттық. Биыл 850 гектар жерге ағаш отырғызсақ, келесі жылы бұл көлем 1 700 гектарға дейін жеткізіледі. Соның нәтижесінде 5 жылда 20 мың гектар жерге 100 млн түп қайың мен қарағай көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз.

Тимур Зверяченко, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

- Орман климатқа оң әсер етеді. Ең алдымен топырақты құрғататын желді азайтады. Ылғалды сақтап, жинауға мүмкіндік береді. Тіпті мекеннің айналасына орман отырғызса, әсері мол. Нұр-Сұлтандағы орман белдеуі сол мақсатта отырғызылған. Климатты реттеудегі орманның рөлі керемет. Басты рөлі – ылғалды сақтау, ылғал жинау, жер бетіндегі желді азайту. Орманның бұл қасиеттері менің ойымша, біздегі далалық климатта аса маңызды.