Жастар «жасыл» жобаларды жүзеге асыруда

Жастар «жасыл» жобаларды жүзеге асыруда

Қазақстандық жастар «жасыл» жобаларды әзірлеп қолданысқа енгізуде. Назарбаев Университетінің студенттері кампустың экологиялық көрсеткіштерін жақсарту үшін 16 жобаны іске асырды. Әзірлемелер университеттің тұрақты даму кеңсесінің «Sustainability Living Lab» бағдарламасы аясында енгізілді. Бағдарламаның мақсаты – студенттердің бастамаларын, қолданбалы зерттеулері мен инновацияларын қолдау, сондай-ақ аталған мәселелер бойынша ақпараттандыру. Осылайша әзірлемелер энергияны тиімді тұтынуға, пластикалық заттарды өңдеуге, кампусты көгалдандыруға, отынның балама көздерін іздеуге, «жасыл» стандарттарды енгізуге бағытталған. «Олардың барлығы экологиялық сананы өзгертеді және тұрақты дамуға ықпал етеді. Ал бұл – әлемдік тренд», – дейді жоба авторлары.

Сұлтан Меңдібаев, жоба авторы:

- Біздің жобамыз «V. Elec» деп аталады. Бұл – спорттық белсенділік арқылы электр энергиясын алуға мүмкіндік беретін қарапайым және ыңғайлы жаттығу велосипеді. Бастапқы мақсатымыз әртүрлі өмірлік процестерден электр энергиясын өндіруге болатынын көрсету болды. Біздің жағдайда бұл велосипед арқылы мүмкін болып отыр. Инвертор 12 вольтті қабылдап, 220 вольтті ауыспалы тоққа трансформациялайды. Мұнда сіз қуаттағышыңызды қосып, телефоныңызды қуаттай аласыз.

Хабиба Жүнісова, жоба авторы:

- Біздің жоба гидропон қондырғысын құрудан тұрады. Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, су негізінде өсіру әдісі. Бұл жағдайда қажет минералдар суға қосылады. Біздің гидропоникалық қондырғыға шамамен 120 көшет отырғызуға болады, ең бастысы оны автоматтандырдық. Біз қондырғының барлық көрсеткішін бақылаймыз.