Еуразиялық экономикалық форумда жаңа экономикаға көшу мәселесі талқыланды

Еуразиялық экономикалық форумда жаңа экономикаға көшу мәселесі талқыланды

Пандемия бизнесті үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету және тиімді логистикалық тізбек құрудың жаңа тәсілдеріне үйретті. Мәселен, тауар айналымын арттыру үшін Қазақстан мен Ресей арнайы агроэкспресті іске қосты. Бұл – ең жеңіл тариф бойынша екі бағытта да жеткізілімді қамтамасыз ететін ауылшаруашылық жүктерін біріктіретін логистикалық теміржол дәлізі.

Вероника Никишина, Ресей экспорт орталығынң бас директоры:

- Қазақстан туралы айтатын болсақ, саудамыз төмендеген жоқ, тіпті біршама өсті десе де болады. Бұл жүйелі сауда ынтымақтастығы тұрақты экономикалық қарым-қатынастарды сақтаудың кілті екенін көрсетеді.

Өз кезегінде Италияның Верона қаласында өткен XIV Еуразиялық экономикалық форумда Еуропа елдері Еуразия арқылы өтетін логистикалық дәліздер барынша тиімді болуы туралы айтылды. Дегенмен форумға қатысушылардың айтуынша, пандемиядан кейін өндірісті ұлғайтып, логистиканы қалпына келтіру керек. Коронавирустан туған дағдарыс тұтынуды азайту үшін экономиканы қайта бағдарлау қажет екенін көрсетті.

Антонио Фаллико, «Еуразияны таны» қауымдастығының президенті:

- Біз барлық өндірісті қайта бағдарлап, мүлдем шектеусіз тұтыну нарығынан экономиканың гуманитарлық үлгісіне көшуіміз керек. Өндіріс әдістерін ғана емес, тұтыну әдістерін де өзгерту қажет. Экономикалық тәртіпті өзгертуіміз керек. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі Үлкен Еуразия аясында да маңызды ойыншы бола отырып, жаңа пандемиядан кейінгі экономикаға өтуде өз рөлін атқаруы керек.