Елордада ауқымды театр фестивалі өтеді

Елордада ауқымды театр фестивалі өтеді

Асқақ өнерді сағынған қауымның құлағына алтын сырға! Елордада 28 қазан мен 1 қараша аралығында «ТЕАТР ALL Nur-Sultan theatre week» театр фестивалі өтеді. Мәдени шара бағдарламасын көпшілікке танымал және жаңа спектакльдер, әсерлі хореография қойылымдары, шеберлік сыныптары, заманауи бейнелеу өнерінің көрмелері қамтымақ. Оған бас шаһардың өнер ордаларымен қатар шетелдік сахна саңлақтары да қатысады деп күтілуде.

Асхат Маемиров«Музыкалық жас көрермен театрының» директоры:

- Осы жолы екі театр өздері ұсыныс білдіріп қатысуда. Бұл мәскеулік екі театр сондай ерекше ықылас танытты, тіпті елордаға өздерінің қаражатымен келе жатыр. Сондықтан 3-4 күн бойы біздің елордалық көрермен Мәскеу театрының, ал кішкентай балаларымыз, өскелең ұрпақ қуыршақ театрының құпияларына қаныға алады.

Театр апталығы аясында түрлі бағыттағы 11 шығармашылық ұжым әр жанрда 20-дан астам қойылым көрсетеді. Дені – әлемдік классика мен отандық туындылар. Күн сайын көрерменді қызықты бағдарлама күтеді, онда кез келген талғамға сай спектакльдер бар. Көпшілік назарына күн сайын 6-7 сахналық туынды ұсынылады. Ең үздік өнер ұжымдарын арнайы марапат күтіп тұр.

Асхат Маемиров, «Музыкалық жас көрермен театрының» директоры:

- 1 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арнайы тағайындап жатқан «Театрал» театр сыйлығының марапат иелерін анықтайды. Ең соңғы күні «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі», «Үздік екінші пландағы әйел адам бейнесі», «Үздік композитор», «Үздік эпизодтық бейне», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік опера солисі», «Балет әртісі», «Ең үздік қуыршақ қойылымы» сынды номинациялар болады.

Фестиваль ғылыми тәжірибелік конференциямен тұйықталады. Онда театр сыншылары, өнер майталмандары мен белгілі сахна саңлақтары саланың өзекті мәселелерін ортаға салып, саралайтын болады.