Қазақстан мен Түркия туризм саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

Қазақстан мен Түркия туризм саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

Қазақстан мен Түркия іскерлік туризм саласында қарым-қатынасын нығайтуда. Жақында Нұр-Сұлтанға құрамында MICE туризмінің ірі ұйымдастырушылары бар түрік делегациясы келді. Олар қаланың конгресс-көрме және қонақүй әлеуетін зерттеп қана қоймай, қазақтардың мәдени мұрасымен тереңірек танысты. Нәтижесінде елорданың инвестициялық және туристік әлеуетін бағалай отырып, делегация Қазақстанға ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге жәрдемдесуге уәде берді. Сондай-ақ оларға қаланың болашақ мүмкіндіктерін көрсете отырып, қазақстандық бизнес өкілдерімен B2B кездесулері ұйымдастырылды. Онда тараптар өзара іскерлік қатынасты талқылап, тәжірибе алмасты.

Жалғас Молжігіт, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» басқарма төрағасының орынбасары:

- Коронавирус Қазақстанға ғана емес, әлемнің көптеген елінің туризм саласына қатты әсер етті. Мысалы, Қазақстанда шетелдік туристердің саны 50% астам азайды. Осы жағдайға байланысты біз көрсеткішті індетке дейінгі жағдайға жеткізу, туристерді, әсіресе іскер туристерді Қазақстанға қайта келтіру үшін шаралар қабылдаудамыз.

Угюр Кайа, Түрік компаниясының басшысы:

- Нұр-Сұлтан қаласы бізді таңғалдырды. Көруге тұрарлық көптеген қызықты жерлері бар. Әсіресе MICE туризмін дамыту үшін бұл жаңа, қауіпсіз және өте көркем қала. Біздің делегация құрамында 6 адам келді. Олардың ішінде жоғары білікті туристік операторлар мен туристік компаниялардың өкілдері бар.

Авторы: Ақзер Сегізбай